Қазақстанда жаңа Конституция жарияланып, елдің саяси жүйесінде маңызды бетбұрыс жасалды. Бұл өзгерістер «Әділетті Қазақстанды» құруға бағытталған нақты қадам ретінде бағаланады.
Қазақстанда жүргізілген Конституциялық реформалар елдің саяси жүйесіне бірқатар жаңа институционалдық құрылымдар әкелді. Солардың бірі – Құрылтай. Ол – қоғам мен мемлекет арасындағы диалогты нығайтатын, ұлттық мүдде мен қоғамдық пікірді билікке жеткізетін кеңесші орган. Ол қоғамдық келісім, ұлттық бірлік, идеологиялық бағыттарды талқылайтын алаң ретінде қызмет атқарады.
Сонымен қатар, Қазақстан халқы кеңесінің (бұрынғы Қазақстан халқы Ассамблеясының) саяси салмағы сақталып, этносаралық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды институт ретінде қала берді. Бұл құрылым қоғамдық татулықты нығайтудың басты тетігі болып отыр.
Ал қоғамда жиі айтылатын вице-президент лауазымы жаңа Конституцияда енгізілді.
Жалпы, жаңа құрылымдар мен реформалар биліктің ашықтығын арттыруға, қоғамның шешім қабылдау процесіне қатысуын күшейтуге және саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған.
Жарияланған жаңа Конституция жобасының Преамбуласында адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланды. Бұл идея Конституцияның бүкіл мәтінінде көрініс табады.
Конституцияның «Негізгі құқықтар, бостандықтар және міндеттер» бөлімінің нормаларын әзірлеу кезінде адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы, Қазақстан тарапынан ратификацияланған халықаралық пактілер мен басқа да жалпыға бірдей танылған халықаралық құжаттардың талаптары барынша ескерілді.
Жаңа Конституцияда адамның негізгі құқықтарын қорғауға басымдық берілген. Мысалы, өмір сүру құқығының абсолюттілігі, жеке тұлғаға қол сұқпаушылық, цифрлық дәуірде жеке деректерді қорғау, сондай-ақ «Миранда ережесі» бекітілген.
Конституция жобасы – жарты жыл бойы атақты заңгерлердің, сарапшылар қауымдастығы мен депутаттардың атқарған қажырлы еңбегінің нәтижесі. Ата заңға енгізілген ұсыныстар барлық бөлімдерді және 77 бапты қамтыды, яғни мәтіннің 84%-ын құрайды.
Иманбай ЖҰБАЙ, Қазақстанның құрметті журналисі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің аға оқытушысы.

Telegram


