Қазіргі білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқушылардың білім сапасын арттырумен қатар олардың оқу үдерісіне деген қызығушылығын ояту және өздігінен білім алу дағдыларын қалыптастыру. Цифрландыру жағдайында бұл міндеттерді жүзеге асыруда электрондық білім беру платформалары маңызды рөл атқарады. Солардың ішінде TopIQ платформасы мұғалім мен оқушы арасындағы тиімді педагогикалық серіктестікті қалыптастыратын заманауи цифрлық орта ретінде ерекшеленеді.
Ағылшын тілі – қарым-қатынас құралы ғана емес, әлемдік білім мен ақпаратқа жол ашатын маңызды пән. Сондықтан оқыту барысында оқушылардың тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылым дағдыларын кешенді дамыту ерекше маңызға ие. TopIQ платформасы осы мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік беретін тиімді құралдардың бірі болып табылады.
Өз тәжірибемде платформаны сабақтың барлық кезеңдерінде жүйелі түрде қолданамын. Жаңа тақырыпты түсіндіру кезінде бейнематериалдар мен көрнекіліктерді пайдаланамын. Бұл оқушылардың назарын шоғырландырып, жаңа ақпаратты жеңіл қабылдауына ықпал етеді. Ал интерактивті тапсырмалар оқушылардың белсенділігін арттырып, оқу материалын бекітуге көмектеседі.
Платформаның ерекше мүмкіндіктерінің бірі – аудиомәтіндер мен дыбыстық тапсырмалар. Бұл ресурстар оқушылардың тыңдалым дағдыларын жетілдіріп, сөздерді дұрыс айтуға дағдыландырады. Сабақ барысында оқушылар бірнеше рет тыңдау мүмкіндігі арқылы өз біліміндегі олқылықтарды толықтырып, тапсырмаларды өз қарқынымен орындай алады.
Сонымен қатар, TopIQ кітапханасындағы ертегілер мен көркем шығармалар ағылшын тілі сабақтарын қызықты ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Оқушылар мәтінді оқып қана қоймай, кейіпкерлерді талдайды, оқиғаны жалғастырады, өз көзқарастарын білдіреді және шығармашылық тапсырмалар орындайды. Мұндай жұмыстар олардың сөздік қорын молайтып, сыни және шығармашылық ойлау дағдыларын дамытуға ықпал етеді.
2025-2026 оқу жылында 4-сынып оқушылары арасында жүргізілген ішкі мониторинг нәтижесінде TopIQ платформасын жүйелі қолданғаннан кейін оқушылардың сабаққа белсенді қатысу көрсеткіші 68%-дан 89%-ға дейін артты. Тыңдалым тапсырмалары бойынша орташа нәтиже 15%ға жоғарылады. Сонымен қатар бөлім бойынша жиынтық бағалау нәтижелерінде жоғары деңгей көрсеткен оқушылар саны 22%-ға өсті. Бұл көрсеткіштер цифрлық ресурстарды тиімді пайдаланудың білім сапасына оң әсер ететінін көрсетеді.
TopIQ платформасы мұғалім мен оқушы арасындағы кері байланысты ұйымдастыруға да үлкен мүмкіндік береді. Мұғалім әр оқушының тапсырмаларды орындау нәтижелерін бақылап, дер кезінде қолдау көрсетеді. Ал оқушылар өз жетістіктерін көріп, келесі оқу мақсаттарын анықтай алады. Бұл олардың жауапкершілігін арттырып, өзіндік бағалау дағдыларын қалыптастырады.
Платформаның тағы бір артықшылығы – мұғалімнің уақытын үнемдеуі. Дайын оқу материалдары, автоматты тексеру жүйесі және тапсырмаларды жедел ұсыну мүмкіндігі сабаққа дайындық уақытын қысқартып, мұғалімнің шығармашылық жұмысқа көбірек көңіл бөлуіне жағдай жасайды.
TopIQ платформасы – ағылшын тілін оқытудағы тиімді цифрлық ресурс қана емес, мұғалім мен оқушы арасындағы педагогикалық серіктестікті нығайтатын заманауи білім беру ортасы. Ол оқушылардың тілдік дағдыларын дамытуға, оқу мотивациясын арттыруға және сапалы білім алуға мүмкіндік береді. Сондықтан
TopIQ платформасын қолдану – бүгінгі білім беру кеңістігіндегі маңызды әрі нәтижелі тәжірибелердің бірі деп есептеймін.
Гулзат ОРАЗАЛИНОВА, «№4 орта мектеп» КММ ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, Текелі қаласы.

Telegram


