САЙЛАУАЛДЫ
БАҒДАРЛАМАСЫ
2026-2031 жылдарға арналған «ӘДІЛЕТ» партиясынан Панфилов аудандық мәслихатының
депутаттығына кандидат ТҰРЛЫБЕКОВ НҰРЛАН ЕРМЕКҰЛЫ № 17 бірмандаттық сайлау округі
Құрметті сайлаушылар!
Мен, Тұрлыбеков Нұрлан Ермекұлы, 1979 жылғы 1 қаңтарда Жетісу облысы, Панфилов ауданы, Көктал ауылында дүниеге келдім.
1985 жылы Абай атындағы орта мектепке қабылданып, 1995 жылы тамамдадым. 1999-2001 жылдары Талдықорған заң колледжінде заңгер мамандығын, 2002-2005 жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде тарих, «құқық және экономика негіздері пәндерінің мұғалімі» мамандығын меңгердім.
Еңбек жолымды 2002 жылы Абай атындағы орта мектепте мұғалім болып бастап, 2007-2013 жылдары директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. 2013 жылдан бері «Көктал-Арасан орта мектебі мектеп жанындағы 50 орынды интернатымен» КММ директоры болып еңбек етіп келемін.
Өмірлік ұстанымым – адал еңбек, елге қызмет ету, жауапкершілік пен әділдік. Мен үшін басшылық қызмет – тек міндет емес, ол елдің болашағы саналатын жас ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне, туған өлкенің өркендеуіне жауапкершілікпен қарау.
Басты мақсатым – нақты іспен нәтижеге қол жеткізу, тұрғындармен ашық әрі шынайы диалог орнату, ел сенімін ақтау және туған өлкеміздің игілігі жолында аянбай еңбек ету.
Құрметпен,Тұрлыбеков Нұрлан Ермекұлы
2026-2031 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН НАҚТЫ МІНДЕТТЕМЕЛЕР
- ЖОЛДАР ЖӘНЕ КӨЛІК
Әулиеағаш ауылындағы Қарақызов көшесінің 1,65 шақырым бөлігін орташа жөндеуден өткізуге ықпал етемін.
- СУ, ЖАРЫҚ ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ
Көктал-Арасан ауылындағы Уәлиханов көшесінің, Әулиеағаш ауылындағы Сайназар көшесінің жарықтандыру мәселесін шешуге ықпал етемін.
Көктал және Аққұдық ауылдарына газ құбыры мен газ тарату желілерін салуға ықпал етемін.
- ҚОЛЖЕТІМДІ НЕСИЕ ЖӘНЕ АУЫЛ КӘСІБІН ДАМЫТУ
Ауыл тұрғындарына бизнес-жоспар әзірлеу, қаржыландыру көздерін табу және мемлекеттік бағдарламаларға құжат тапсыру бойынша кеңес алуға мүмкіндік беретін ақпараттық кездесулер ұйымдастыруға ықпал етемін.
- АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҚОЛДАУ
Майлы дақылдарды қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін 58%-ға дейін ұлғайтуға ықпал етемін.
Көктал ауылында мал өлекселерін қауіпсіз көмуге арналған Беккери шұңқырын сатып алу және ұйымдастыру арқылы ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге күш саламын.
- ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘНЕ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ТАБЫСЫ
Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында аудан жастарының кемінде 30% жұмыспен қамтуға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп, олардың тұрақты жұмысқа орналасуына күш саламын.
Әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларды қолдау шаралары туралы ақпараттандырып, көмек алу жолдарын жеңілдету жөнінде ұсыныстар енгіземін.
- ҚОЛЖЕТІМДІ ӘРІ САПАЛЫ МЕДИЦИНА
Көктал ауылдық ауруханасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізілуіне ықпал етемін.
Ауылдық жерлердегі медициналық қызмет сапасын арттыруға, алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейтуге және денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған жұмыстарды қолдаймын.
- ЗАМАНАУИ МЕКТЕПТЕР ЖӘНЕ БАЛАЛАРҒА ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ
Көктал ауылындағы Абай атындағы орта мектепті күрделі жөндеуден өткізуге ықпал етемін.
Ауданның мектептерінің материалдық-техникалық базасын жақсартуға және білім беру ұйымдарына баратын жолдарда қауіпсіз жағдай жасауға күш саламын.
- ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ОТБАСЫЛАРДЫ ҚОЛДАУ
Әлеуметтік нысандарға кіріп-шығу жолдарының қолайлылығын бағалап, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қызмет көрсетуді жеңілдететін жағдайлар мен отбасыларға арналған кеңес беру қызметтерін дамытуға ықпал етемін.
- САПАЛЫ БАЙЛАНЫС ЖӘНЕ ИНТЕРНЕТ
Көктал, Аққұдық, Әулиеағаш және Көктал-Арасан ауылдарында интернет сапасы мен байланыс тұрақтылығын жақсарту атсалысамын. Аталған ауылдардағы интернет жылдамдығы төмен және ұялы байланысы тұрақсыз аумақтарды анықтап, байланыс операторларымен бірлесіп, интернет сапасын жақсарту мәселесін көтеремін.
- ТАЗА ЖӘНЕ КӨРКЕЙТІЛГЕН АУЫЛДАР
Көктал ауылы, Құрманғазы көшесін аббаттандыруға ықпал етемін. «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауылдарда сенбіліктер өткізу, қоқыс жинау орындарын реттеу, ағаш отырғызу және қоғамдық демалыс орындарын күтіп ұстауға ықпал етемін.
ҚАДІРЛІ ЖЕРЛЕСТЕР!
Әрбір адамның туған жеріне деген сүйіспеншілігі мен ел болашағына деген жанашырлығы болуы керек. Өйткені ауылдың көркеюі, халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруы – бәрімізге ортақ міндет.
Менің мақсатым – халықтың мұң-мұқтажын тыңдау, ауыл тұрғындарының талап-тілегін жеткізу, елді мекеніміздің өзекті мәселелерінің шешілуіне атсалысу.
Мен үшін әрбір тұрғынның пікірі маңызды. Халықтың сенімі — үлкен жауапкершілік. Сондықтан ашықтықты, әділдікті, адал еңбекті және ел мүддесін басты орынға қоямын.
Бізге құр сөз емес, нақты іс керек. Бізге бірлік, ынтымақ және ортақ мақсат қажет. Ауылымыздың болашағы үшін әрқайсымыз өз үлесімізді қосайық. Халықтың үні естіліп, мәселесі назардан тыс қалмайтын орта қалыптастырайық.
Сіздердің қолдауларыңыз бен сенімдеріңіз мен үшін аса қымбат!
Ел сенімін ақтау – менің басты ұстанымым. Халықпен бірге болып, халық үшін қызмет етуге дайынмын!
Бірлігіміз бекем, болашағымыз жарқын болсын!
Ауылымыз үшін бірге! Ел болашағы үшін біргеміз!
Сайлауға келіңіздер! Маған дауыс беріңіздер!
Дайындалған: «Айару» ЖК.
Мекенжайы: Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жібек жолы көшесі, 34-үй.
Басып шығарылған: «Айару» ЖК.
Таралымы: 1000 дана
Тапсырыс беруші: Тұрлыбеков Н.Е.
Төленген қаражат көзі: Панфилов аудандық мәслихаты депутаттығына үміткердің сайлау қорынан төленді.

Telegram


