САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
2026-2031 жылдарға арналған «ӘДІЛЕТ» партиясынан Панфилов аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат АКАНОВА ЖАНСАЯ РАХМАНҚҰЛҚЫЗЫ № 3 бірмандаттық сайлау округі
Құрметті сайлаушылар!
Мен, Аканова Жансая Рахманқұлқызы, 1993 жылғы 19 маусымда Жетісу облысы, Панфилов ауданы, Алтыүй ауылында дүниеге келдім.
1999 жылы Алтыүй ауылындағы Әбілхан Қастеев атындағы орта мектептің 1-сыныбына қабылданып, 2008 жылы осы мектепті аяқтадым. 2008 жылы Алматы қаласындағы «Алматы бизнес» колледжіне оқуға түсіп, 2011 жылы «Маркетолог» мамандығы бойынша білім алдым.
Еңбек жолымды 2012 жылы Панфилов ауданы, Жаркент қаласындағы «БанкХоумКредитте» менеджер қызметінен бастадым.
2019 жылдан бастап кәсіпкерлікпен айналысып, туған өлкемнің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесімді қосуды мақсат еттім. Кәсіпкерлік қызметімді кезең-кезеңімен дамыта отырып, Жаркент қаласында, Нұркент, Алтыүй, Атамекен ауылдарында дүкендер желісін аштым. 2024 жылы Алтыүй ауылында «Алия» дүкенін іске қостым.
Кәсіпкерлік жолындағы басты ұстанымым – адал еңбек ету, халықтың сұранысын қанағаттандыру, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ету және туған жерімнің өркендеуіне үлес қосу.
Алдағы мақсатым–халықтың әл-ауқатын арттыруға, ауылдар мен елді мекендердің дамуына, кәсіпкерлікті қолдауға және тұрғындардың өзекті мәселелерінің шешілуіне бағытталған бастамаларды жүзеге асыруға атсалысу. Ел сенімін ақтап, халық мүддесін бәрінен жоғары қоятын, жауапкершілігі мол азамат ретінде қызмет етуге дайынмын.
Құрметпен, Аканова Жансая Рахманқұлқызы
2026-2031 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН НАҚТЫ МІНДЕТТЕМЕЛЕР
- ЖОЛДАР ЖӘНЕ КӨЛІК
Кәсіпкерлік нысандарға, сауда орындарына және өндіріс алаңдарына қатынайтын жолдардың жағдайын жақсарту, жарықтандыру мен коммуналдық қызметтердің сенімділігін 70% ға арттыру мәселелерін көтеремін.
- СУ, ЭЛЕКТР ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ
Нәдек, Шежін ауылдарын толық сумен жабдықтау мәселелерінің шешілуіне, тозығы жеткен инженерлік желілерді жөндеуге күш саламын. Ауылдық елді мекендерді үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етуге және көшелерді жарықтандыру желісін кеңейтуге ерекше назар аударамын.
- ҚОЛЖЕТІМДІ НЕСИЕ ЖӘНЕ АУЫЛДЫҚ БИЗНЕСТІ ДАМЫТУ
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несие беруді кеңейтуге, жеке қосалқы шаруашылықтарды, отбасылық кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуға ықпал етемін. Аудан тұрғындары үшін мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігін арттыруға күш саламын.
- АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҚОЛДАУ
Шаруа және жеке қосалқы шаруашылықтардың кооперация құруын, өнім өткізу көлемін және заманауи технологияларды қолдануын жыл сайын 10–15%-ға арттыруға қолдау көрсетемін.
Ауыл кәсіпкерлеріне мемлекеттік бағдарламалар бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, ақпараттандыру деңгейін кемінде 90%-ға жеткізуге ықпал етемін.
- ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘНЕ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ТАБЫСЫН АРТТЫРУ
Ауылдарда сұранысқа ие қызмет көрсету, сауда және шағын өндіріс бағыттарында жаңа кәсіп ашуды қолдап, кәсіпкерлік жобалар санын жыл сайын 10–15%-ға арттыру.
Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтитын кәсіпорындар мен отбасылық бизнесті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарының санын 5–10%-ға көбейту.
Жастар мен әйелдердің кәсіпкерлікке қатысуын, білім алуын және тәжірибе жинақтауын қолдап, олардың кәсіпкерлік белсенділігін жыл сайын 10%-ға арттыру күш саламын.
- ҚОЛЖЕТІМДІ ӘРІ САПАЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ
Ават, Надек, Шежін, Алтыүй ауылдарындағы амбулаториялардың материалдық-техникалық жабдықталуын жақсартуға, бейінді мамандардың қолжетімділігін арттыруға және шалғай ауылдардағы медициналық көмектің сапасын жақсартуға күш салу. «Дипломмен ауылға» бағдарламасын қоса алғанда, мемлекеттік қолдау шаралары арқылы медицина кадрларын тартуды қолдаймын.
- ЗАМАНАУИ МЕКТЕПТЕР ЖӘНЕ БАЛАЛАРҒА ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ
Жастардың сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруіне, кәсіптік оқудан өтуіне және еңбек нарығына бейімделуіне қолдау көрсетіп, кәсіптік оқумен қамтылған жастар үлесін 20%-ға арттыру, ал жұмысқа орналасу көрсеткішін кемінде 70%-ға жеткізуге ықпал етемін.
- ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ОТБАСЫЛАРДЫ ҚОЛДАУ
Кәсіпкерлердің әлеуметтік жобаларға қатысуын ынталандырып, мұқтаж отбасылар мен осал топтарға бағытталған жергілікті бастамаларды қолдауға ықпал етемін.
- САПАЛЫ БАЙЛАНЫС ЖӘНЕ ИНТЕРНЕТ
Ауданның шалғай елді мекендерінде мобильді байланыс пен интернет сапасын жақсартуға және қамту аясын кеңейтуге күш саламын. Ауылдық мекемелерді цифрландыруды және электрондық мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруды қолдаймын.
- ТАЗА ЖӘНЕ КӨРІКТІ АУЫЛДАР
«Таза Қазақстан» бастамасы аясында ауылдарды абаттандыру, қалдықтарды жинау және шығару жүйесін жетілдіру, елді мекендерді көгалдандыру және тұрғындарға қолайлы қоғамдық кеңістіктер құру бағытында жұмыстар жүргіземін.
ҚАДІРЛІ ЖЕРЛЕСТЕР!
Ауданымыздың басты байлығы – оның адамдары, олардың еңбекқорлығы, жауапкершілігі және туған жерге деген сүйіспеншілігі.
Әрбір елді мекен назардан тыс қалмауға тиіс, ал әрбір отбасы лайықты өмір сүру жағдайына қол жеткізуі керек. Сапалы жолдар, қолжетімді әлеуметтік қызметтер, жұмыс орындары мен жастарға арналған мүмкіндіктер құрғақ уәде күйінде қалмай, нақты іске айналуы қажет.
Барлық мәселені бірден шешу мүмкін емес екенін түсінемін. Дегенмен, оларды кезең-кезеңімен шешуге күш салып, сіздердің мүдделеріңізді қорғауға және депутаттық өкілеттігім аясында нақты нәтижелерге қол жеткізуге дайынмын. Мен үшін әрбір берілген уәденің нақты іспен дәлелденуі маңызды.
Бірлесе күш жұмылдырсақ, ауданымызды өмір сүруге, еңбек етуге және бала тәрбиелеуге қолайлы мекенге айналдыра аламыз!
МЕНІҢ ҰСТАНЫМДАРЫМ
Әділдік. Ашықтық. Іскерлік. Жауапкершілік.
Кәсіпкерлермен тұрақты байланыс орнатып, олардың ұсыныстарын тиісті органдарға жеткізуге, мемлекеттік қолдау тетіктері туралы ақпараттың қолжетімді болуына ықпал етуге дайынмын.
Нәтижеге бағытталған нақты бастамаларды қолдап, атқарылған жұмыс туралы тұрғындарға ашық ақпарат беруге ұмтыламын.
Сайлауға келіңіздер! Маған дауыс беріңіздер!
Дайындалған: «Айару» ЖК.
Мекенжайы: Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жібек жолы көшесі, 34-үй.
Басып шығарылған: «Айару» ЖК.
Таралымы: 1000 дана
Тапсырыс беруші: Аканова Ж.Р.
Төленген қаражат көзі: Панфилов аудандық мәслихаты депутаттығына үміткердің сайлау қорынан төленді.

Telegram


