САЙЛАУАЛДЫ
БАҒДАРЛАМА
2026-2031 жылдарға арналған «ӘДІЛЕТ» партиясынан Кербұлақ аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат БЕКИЕВ ҚАЙРАТ БОТАЙҰЛЫ №12 бірмандатты сайлау округі
2026–2031 жылдарға арналған негізгі ұстаным
Құрметті сайлаушылар!
Мен Бекиев Қайрат Ботайұлы, 1968 жылдың 18 мамырында Талдықорған облысы Гвардия ауданы Қоғалы ауылында дүниеге келдім. Білімім жоғары. 2012 жылы Гуманитарлы-экономикалық колледжін қаржы мамандығы бойынша, ал 2016 жылы Ө. А. Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясын аяқтадым. Еңбек жолымды 1985 жылы Қоғалы совхозында жұмысшы болып бастадым.
2021 жылдан бері Кербұлақ аудандық мәслихатының төрағасы қызметін атқардым. Ауыл шаруашылығындағы тәжірибем туған жердің тыныс-тіршілігін, ауыл еңбеккерлерінің мәселелерін және аудан экономикасының ерекшеліктерін терең түсінуге негіз болды. Қазіргі таңда аудандық мәслихат төрағасы ретінде жергілікті маңызы бар мәселелерді қарау, депутаттардың жұмысын үйлестіру, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын талқылау және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты шешімдердің қабылдануына қатысу бағытында қызмет жасадым. Мен үшін депутаттық қызмет – халық сенімін ақтауға бағытталған жауапты міндет.
Тұрғындардың ұсыныстарын тыңдап, өзекті мәселелерді тиісті деңгейде көтеріп, қабылданған шешімдердің орындалуына ықпал ету – жұмысымның негізгі қағидаттары. Басты мақсатым – жинақталған тәжірибені ел игілігіне жұмсап, ауданның әрбір елді мекенінің дамуына және тұрғындардың өмір сүру сапасының артуына үлес қосу.
Құрметпен, Бекиев Қайрат
2026-2031 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН НАҚТЫ МІНДЕТТЕМЕЛЕР
- ЖОЛ ЖӘНЕ КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ЖАҚСАРТУ
Қоғалы ауылындағы 10,5 км ішкі көше жолдарын жөндеу жұмыстарының жүзеге асырылуына, тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз жол қатынасын қамтамасыз етуге ықпал етемін.
- СУ, ЭЛЕКТР ҚУАТЫ ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ.
Тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз етуге жағдай жасау мақсатында Қоғалы ауылында 20 км ауыз су жүйесін қайта жаңғырту және жаңа су құбырларын салу жұмыстарын жүргізуге ат салысамын.
- ҚОЛЖЕТІМДІ ТҰРҒЫН ҮЙ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ
Тұрғын үй құрылысы халықты баспанамен қамтамасыз ету және ауылдардың инфрақұрылымын дамыту мақсатында жүргізіледі. Кербұлақ ауданында 2027-2031 жылға дейін жоспарланған бюджет қаражаты есебінен 154,7 мың ш.м. тұрғын үйдің пайдалануға берілуіне ықпал етемін.
- ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСТІ ҚОЛДАУ
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2031 жылға дейін 30 ауыл тұрғындарының жеңілдетілген несие алуға, жеке қосалқы шаруашылықтарды, отбасылық кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуға қолдау көрсетемін.
- АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ ҮШІН ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ МЕН ТАБЫС
Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту және олардың табысын арттыру — ауылдық аумақтарды дамытудың негізгі бағыттарының бірі. Алдағы уақытта жұмыссыз азаматтарға жұмыс табуға, кәсіп үйренуге, жеке кәсіп ашуға және тұрақты табыс қалыптастыруға ықпал етемін.
- ҚОЛЖЕТІМДІ ЖӘНЕ САПАЛЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ
Аудан тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға ықпал ету. 2027-2031 жылдар аралғындағы ауданымызға қажетті дәрігер мамандарын даярлауға 70 гранттар бөлінуіне ықпал етемін.
- БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ЗАМАНАУИ МЕКТЕПТЕР МЕН ЖАҒДАЙЛАР
Оқушылардың ғылыми-техникалық шығармашылығын дамытуға, инженерлік ойлау қабілеті мен цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында П. Дутов атындағы орта мектебінде STEM кабинетінің ашылуына ықпал етемін.
- ОТБАСЫЛАРДЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ҚОЛДАУ
Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, ардагерлерге, зейнеткерлерге және мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіруге ықпал етемін. Әлеуметтік осал топтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, мұқтаж отбасылардың мәселелерін шешуге және әрбір азаматтың қоғам өміріне белсенді араласуына қолайлы жағдай жасауға күш саламын.
- ЖОҒАРЫ САПАЛЫ БАЙЛАНЫС ЖӘНЕ ИНТЕРНЕТ
2027-2031 жылдар аралығында ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, білім алу мүмкіндіктерін кеңейту және кәсіпкерлікті дамыту үшін жоғары сапалы байланыс және интернетпен қамтамасыз етуге ықпал етемін.
- ТАЗА ӘРІ ЖАҚСЫ КҮТІЛГЕН АУЫЛ
Елді мекендердің санитарлық тазалығын сақтауға, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуге ықпал етемін. Тұрғындар үшін қолайлы, қауіпсіз әрі көрікті орта қалыптастыруға атсалысамын.
Қадірлі жерлестер!
Халыққа қызмет ету – биік мінберден сөз сөйлеу емес, елдің ортасында жүріп, тұрғындардың мәселесін тыңдау және оның шешілуіне нақты ықпал ету. Ауданымыздың әрбір көшесі, әрбір ауылы мен әрбір отбасының жағдайы маңызды. Мен кез келген мәселе бір күнде шешіле қоймайтынын түсінемін. Бірақ әр мәселенің шешу жолын іздеуге, тиісті органдар алдында халықтың мүддесін қорғауға, қабылданған шешімдердің орындалуын бақылауға және атқарылған жұмыс туралы ашық есеп беруге дайынмын.
Халықтың сенімі – аманат, ал сол сенімді ақтау – басты міндет!
Туған жердің дамуы үшін бірге әрекет етіп, нақты нәтижеге бірге қол жеткізейік.
Менің ұстанымдарым
Құрғақ уәдеден гөрі нақты істі, жабық шешімдерден гөрі ашықтықты, жеке мүддеден гөрі халық игілігін жоғары қоямын. Әрбір міндеттеме жауапкершілікпен қабылданып, оның орындалуына жүйелі түрде назар аударылуы керек. Мен үшін депутаттық қызмет – халықтың сенімін ақтау, тұрғындардың талап-тілектерін тиісті деңгейде көтеру және ауданның дамуына нақты үлес қосу мүмкіндігі.
Сіздердің өтініштеріңіз бен ұсыныстарыңызға әрдайым ашықпын. Көтерілген мәселелерді зерделеп, олардың шешілуіне ықпал етуге және өз жұмысымның нәтижелері туралы ашық есеп беруге дайынмын. Өйткені сенімнің негізі – адалдық, ал еңбектің өлшемі – нақты нәтиже
Сайлауға келіңіз! Маған дауыс беріңіз!
Дайындаған: «Айару» ЖК. Мекен-жайы: Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жібек жолы көшесі, 34- үй
Таралымы: 1000 дана.
Тапсырыс беруші: Бекиев Қайрат Ботайұлы
Кербұлақ аудандық мәслихаты депутаттығына кандидаттың сайлау қоры қаражаты есебінен төленді.

Telegram


