І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенттеріне семинар өткізілді.
І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің бас ғимаратында жастар арасында экстремизмге қарсы сананы қалыптастыру, діни экстремизмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша құқықтық және азаматтық жауапкершілік деңгейін арттыру, діни экстремизмнің алдын алу, жастарды радикалды және деструктивті діни ағымдарға тарту мәселелері жөнінде студенттерге арналған семинар өтті. Бұл туралы Vestnik19.kz тілшісі хабарлайды.
Мұндай түсіндіру жұмыстары Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің жобасы бойынша облыстық дін істері басқармаларының қолдауымен еліміздің аймақтарында жүргізіліп жатыр.
Жобаның міндеті еліміздегі жастарды экстремистік радикалдық ұйымдарға тарту қаупін азайту, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуда жастардың бастамаларын қолдау. Өскелең ұрпақта радикалды және экстремистік идеологияға сыни көзқарас пен төзбеушілік қабілеттерін дамыту, қоғамда басқа конфессия өкілдеріне төзімділікті қалыптастыру болып табылады.
Республикалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері яғни, теологтар, дінтанушылар, исламтанушы ғалымдар қазіргі түрлі ағымдар жайында жан-жақты айтты.
Мәселен, дін мәселелерін зерттеу орталығының бөлім меңгерушісі, теолог Әбілқайыр Сабырұлы қоғамдағы дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтар мен діни экстремизмнің алдын алу мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ, облыс жастарын аса маңызды мәселелер бойынша ақпараттандыру, Қазақстанда тұратын барлық конфессиялар мен этностардың өзара тату-тәтті өмір сүруіне бағытталған дін саласындағы мемлекеттік саясаттың мәні туралы айтылды. Бұл Қазақстан халқының мәдениеті мен рухани мұрасы, деструктивті діни және радикалды идеялардың қоғамға қайшы екенінің айқын көрінісі.
Сонымен қатар, семинарда көтерілген өзекті тақырыптардың қатарында діни ақпаратты интернеттен, оның ішінде күмәнді сайттардан, бейнехостинг сайттарынан және басқа да ақпарат көздерінен алу қаупі болды. Айта кетейік, елімізде жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстарының арқасында деструктивті идеяларды тарататын экстремистік ұйымдардың саны азайып келеді.Семинар барысында студенттер оқытушыларға сұрақтар қойып, қызықтыратын тақырыптар бойынша нақты жауаптарын алды.
Университет студенті Мәдина Ахметуәлиқызы өз әсерімен бөлісті.
– «Қызық болды. Біз семинар барысында көп нәрсені үйрендік. Мысалы, қазір интернетте дін тақырыбына қатысты қарама-қайшы ақпараттар өте көп, кейде зияндылығын ажырату қиын. Енді мұны білетін болдым», — дейді.
Тағы бір студент Сейсенбек Қуаныш былай дейді:
– «Бұл шарадан мен көп пайдалы дүниелерді білдім. Ұйымдастырушыларға рахмет. Жігіттеріміз бен қыздарымыздың деструктивті ұйымдардың ықпалына түсіп қалмауы үшін мұндай кездесулердің маңызы зор деп ойлаймын».
Әйгерім Тінәлі.