САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА
2026-2031 жылдарға арналған «ӘДІЛЕТ» партиясы Кербұлақ аудандық мәслихаты депутаттығына кандидат ЕСИМОВ БАҚЫТБЕК САНСЫЗБАЙҰЛЫ №10 бірмандатты сайлау округі
2026–2031 жылдарға арналған негізгі ұстаным
Құрметті сайлаушылар!
Мен, Есимов Бақытбек Сансызбайұлы 1962 жылы 26 сәуірде Алматы облысы Кербұлақ аудан Шаған ауылында дүниеге келдім. Еңбек жолымды 1984 жылы Гвардия аудандық тұтынушылар қоғамынан бастадым. 1997 жылдан бастап «Дәурен» ШҚ басшысымын. Еңбек жолым ауыл шаруашылығы саласымен тығыз байланысты. Бұл сала маған туған жердің қадірін, адал еңбектің маңызын және ауылдың өркендеуі ел экономикасының негізі екенін терең түсінуге мүмкіндік берді.
Өз тәжірибем арқылы ауыл еңбеккерлерінің алдында тұрған мәселелерді жақсы түсінемін. Шаруашылықты дамыту үшін қолайлы жағдай жасау, өндіріс шығындарын азайту, жайылым мәселелерін шешу және ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу мүмкіндіктерін кеңейту маңызды деп санаймын. Аудандық мәслихат депутаттығына кандидат ретінде ауыл шаруашылығы саласының мүддесін қорғауға, шаруалардың ұсыныстарын тиісті деңгейде көтеруге және ауылдық аумақтардың дамуына ықпал етуге ниеттімін.
Мен үшін басты міндет – ауылдың әлеуетін арттыру, еңбек етіп жүрген азаматтарға қолдау көрсету және туған жердің тұрақты дамуына үлес қосу. Өйткені ауылдың өркендеуі – елдің өркендеуі.
Құрметпен, Бақытбек Есимов
2026-2031 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН НАҚТЫ МІНДЕТТЕМЕЛЕР
- ЖОЛДАР ЖӘНЕ КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ
Жолдардың сапасын жақсарту, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы көлік қатынасын қамтамасыз ету мақсатында Алтынемел (2 км), Жаңалық (3,3 км) және Қарымсақ (1,8 км) ауылдарының ішкі көше жолдарына жөндеу жұмыстарын жүргізуге ықпал етемін.
- СУ, ЭЛЕКТР ҚУАТЫ ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ.
Кешкі уақытта тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру және ауыл көшелерінде қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында 2031 жылға дейін Алтынемел (2,3 км.) және Ақбастау (2,7 км.) ауылдарының көшелерін түнгі жарықтандырумен қамтамасыз етуге ықпал етемін.
- ҚОЛЖЕТІМДІ ТҰРҒЫН ҮЙ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ
Тұрғын үй құрылысын дамыту – ауыл инфрақұрылымын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жастардың ауылда тұрақтап қалуына ықпал ететін маңызды бағыттардың бірі. Сондықтан ауыл тұрғындары үшін қолжетімді тұрғын үй құрылысын дамытуға және оның жүзеге асуына бар күш-жігерімді жұмсаймын.
- ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСТІ ҚОЛДАУ
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарының жеңілдетілген несие алуына, жеке қосалқы шаруашылықтарын, отбасылық кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуына жағдай жасауға атсалысамын. Ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлік бастамалардың жүзеге асуына, шағын және орта шаруашылықтардың дамуына қолайлы жағдай қалыптастыруға, сондай-ақ өз кәсібін ашқан ауыл тұрғындарының кәсіптерін кеңейтуі үшін қажетті қаржыландыру тетіктері туралы ақпараттандыруға және олардың қолжетімділігін арттыруға күш саламын.
- АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ ҮШІН ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ МЕН ТАБЫС
Ауыл тұрғындарының табысын арттыру – ауылдық аумақтарды дамытудың, халықтың әл-ауқатын жақсартудың және жұмыссыздық деңгейін төмендетудің маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта жаңа жұмыс орындарының ашылуына, ауыл шаруашылығының дамуына, шағын кәсіпкерліктің өркендеуіне және тұрғындар үшін қосымша табыс көздерінің қалыптасуына бар күш-жігерімді жұмсаймын.
- ҚОЛЖЕТІМДІ ЖӘНЕ САПАЛЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ
Ауылдық елді мекендерге қажетті білікті медицина мамандарын тартуға, жас мамандарды қолдауға және олардың тұрақты жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасауға күш саламын.
- БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ЗАМАНАУИ МЕКТЕПТЕР МЕН ЖАҒДАЙЛАР
Оқушылардың ғылыми-техникалық шығармашылығын дамытуға, инженерлік ойлау қабілеті мен цифрлық сауаттылығын арттыруға қолайлы жағдай жасау мақсатында 2031 жылға дейін Қарымсақ, Алтынемел, Жаңалық және Ж. Тобаяқов атындағы орта мектептерде STEM кабинеттерінің ашылуына қолдау көрсетіп, қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілуіне атсалысамын.
- ОТБАСЫЛАРДЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ҚОЛДАУ
Әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көрсетілетін қолдау шараларының тиімділігін арттыруды қолдаймын.
- ЖОҒАРЫ САПАЛЫ БАЙЛАНЫС ЖӘНЕ ИНТЕРНЕТ
Цифрлық инфрақұрылымды дамыту ауыл мен қала арасындағы мүмкіндіктер теңсіздігін азайтып, экономикалық және әлеуметтік өркендеуге жол ашады. Сондықтан ауыл тұрғындарын сапалы әрі жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету, цифрлық қызметтердің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстарды қолдауға күш саламын.
10.ТАЗА ӘРІ ЖАҚСЫ КҮТІЛГЕН ҚАЛА
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында елді мекендерді, қоғамдық орындарды, балалар ойын алаңдары мен демалыс аймақтарын абаттандыру, көркейту және күтіп ұстау жұмыстарының жүйелі жүргізілуіне атсалысамын.
ҚАДІРЛІ ЖЕРЛЕСТЕР!
Ауылдың көркеюі – елдің өркендеуі. Туған жердің әрбір жетістігінің артында маңдай терімен еңбек еткен адамдардың үміті, арманы мен болашаққа деген сенімі жатыр. Біздің балаларымыз сапалы білім алып, жастарымыз өз ауылында жұмыс тауып, отбасыларымыз жайлы өмір сүріп, үлкендеріміз құрметке бөленетін ортада өмір сүруге лайық. Ол үшін елді мекендеріміздің инфрақұрылымын дамыту, жолдар мен ауыз су мәселесін шешу, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру және ауыл экономикасын нығайту маңызды. Ауданның әрбір ауылының өз ерекшелігі мен шешімін күткен мәселелері бар. Олардың ешқайсысы назардан тыс қалмауы керек.
Халықтың ұсыныстарын тыңдап, ауылдардың қажеттіліктерін тиісті деңгейде көтеріп, нақты шешімдер қабылдануына ықпал ету – ортақ міндет. Мен туған жердің болашағы бүгінгі ісімізге байланысты екеніне сенімдімін. Бүгін жасалған жұмыс – ертеңгі ұрпаққа қалатын мұра. Балаларымыздың болашағы жарқын, ауылдарымыздың келешегі кемел болсын! Туған жерді бірге түлетіп, ауданымызды өркендеген өлке ретінде дамытуға атсалысайық!
МЕНІҢ ҰСТАНЫМДАРЫМ
Халықтың мұң-мұқтажын тыңдау, тұрғындардың мүддесін қорғау және елді мекендердің дамуына үлес қосу – менің негізгі ұстанымдарым.
Мен әрдайым ашық диалогқа дайынмын. Сіздердің ұсыныстарыңызды тыңдап, өзекті мәселелерді бірге талқылап, оларды шешудің нақты жолдарын іздеуге ниеттімін. Халықпен байланыс тек кездесулермен шектелмеуі тиіс. Ең маңыздысы – тұрғындардың сенімін ақтап, айтылған мәселелердің шешілуіне ықпал ету және нәтижеге бағытталған жұмыс жүргізу. Мен осы қағидаттарды өз қызметімнің негізі ретінде ұстанамын.
Сайлауға келіңіздер! Маған дауыс беріңіздер!
Дайындаған: «Айару» ЖК. Мекен-жайы: Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жібек жолы көшесі, 34- үй
Таралымы: 1000 дана.
Тапсырыс беруші: Есимов Бақытбек Сансызбайұлы
Кербұлақ аудандық мәслихаты депутаттығына кандидаттың сайлау қоры қаражаты есебінен төленді.

Telegram


