САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА
2026-2031 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН «ӘДІЛЕТ» партиясынан Панфилов аудандық маслихатының депутаттығына кандидад БЕЙБІТХАН ЖАНЕРКЕ №13 бірмандаттық сайлау округі
Құрметті сайлаушылар!
Мен, Бейбітхан Жанерке, 1987 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында дүниеге келдім. 1992 жылы отбасыммен бірге Қазақстанға қоныс аударып, білім мен тәрбиенің алғашқы баспалдақтарын Панфилов ауданында бастадым.
Білімім – жоғары. Мамандығым – қаржы және құқықтану. Еңбек жолымды 2005 жылы жылжымайтын мүлікті тіркеу саласында бастап, 2009 жылдан бері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Панфилов аудандық ХҚКО-да реттеу залының басшысы қызметін атқарып келемін. Осы уақыт ішінде халықпен жұмыс істеу, азаматтардың өтініштерін шешу және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру бағытында мол тәжірибе жинақтадым.
Мен үшін мемлекеттік қызмет – жай ғана жұмыс емес, бұл – халық алдындағы жауапкершілік, елге деген адалдық және әрбір азаматтың сенімін ақтауға бағытталған абыройлы міндет.
Алдағы басты мақсатым – тұрғындардың мүддесін қорғау, олардың көкейкесті мәселелерінің шешілуіне атсалысу, халық пен билік арасындағы ашық әрі нәтижелі диалогты нығайту және туған өлкемнің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесімді қосу.
Мен үшін халықтың сенімі – ең үлкен жауапкершілік, ашық диалог – өзара түсіністіктің негізі, ал нақты нәтиже – атқарылған жұмыстың басты өлшемі.
Құрметпен, Бейбітхан Жанерке
2026-2031 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН НАҚТЫ МІНДЕТТЕМЕЛЕР
- ЖОЛДАР ЖӘНЕ КӨЛІК
Аудандағы жолдардың сапасын 77%-ға дейін арттыру үшін күш саламын.
Көше қозғалысын қауіпсіз ету мақсатында жаяу жүргінші өткелдерін, жол белгілерін және мектептер маңындағы қауіпсіздік шараларын жақсарту бастамаларын қолдаймын.
- СУ, ЭЛЕКТР ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ
Сарыбел ауылында ұзындығы 28 км. болатын сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңарту және жаңа су құбыры желілерін салу мәселесін шешуге ықпал етемін.
Сарыбел және Сүптай ауылдарына газ құбыры мен ауылішілік газ тарату желілерін салу мәселесі бойынша жергілікті атқарушы органдарға ресми өтініш жолдап, жобаны іске асыруға ықпал етемін.
- ҚОЛЖЕТІМДІ НЕСИЕ ЖӘНЕ АУЫЛДЫҚ БИЗНЕСТІ ДАМЫТУ
Ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда микрокредит беру және лизинг жобаларының санын 200-ден астамға жеткізуге ықпал етемін.
- АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҚОЛДАУ
Аудан көлеміндегі 40 мың гектар суармалы жерге су үнемдеу технологияларын енгізуге ықпал етемін.
Ауыл тұрғындарының жайылымдық жерлермен қамтамасыз етілуі, ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту және ауыл шаруашылығы қызметтерінің қолжетімділігін арттыру мәселелері бойынша олардың мүдделерін қорғау. Жергілікті фермерлер мен жеке қосалқы шаруашылықтардың өнімдерін өткізуге арналған жабдықталған сауда алаңын құруға қол жеткізу.
- ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘНЕ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ТАБЫСЫН АРТТЫРУ
5–24 жас аралығындағы оқымайтын, жұмыс істемейтін және кәсіби дағдыларды меңгермейтін жастардың үлесін 7,8%-ға төмендетуге ықпал етемін.
Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында аудан жастарының кемінде 30% жұмыспен қамтуға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп, олардың тұрақты жұмысқа орналасуына күш саламын.
- ҚОЛЖЕТІМДІ ӘРІ САПАЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ
Медициналық ұйымдар ғимараттарының тозу деңгейін 40% дейін төмендету мақсатында денсаулық сақтау нысандарын күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізу, материалдық-техникалық базасын нығайту және медициналық инфрақұрылымды жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар жүргіземін.
Алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, дәрігер қабылдауын ұйымдастырудағы қиындықтарды азайту және медициналық мекемелердің қажетті құрал-жабдықпен қамтылуы жөніндегі мәселелерді көтеремін.
- ЗАМАНАУИ МЕКТЕПТЕР ЖӘНЕ БАЛАЛАРҒА ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ
Ауданның мектептерінің материалдық-техникалық базасын жақсартуға және білім беру ұйымдарына баратын жолдарда қауіпсіз жағдай жасауға күш саламын.
Инклюзивті білім беруге жағдай жасаған мектептердің үлесін 99,8 пайызға жеткізуге ықпал етемін.
- ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ОТБАСЫЛАРДЫ ҚОЛДАУ
Қарт адамдар, көпбалалы отбасылар және мүгедектігі бар адамдар үшін мемлекеттік әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге күш саламын. Әлеуметтік осал азаматтардың тұрмыс жағдайын жақсартуға және аудан мекемелерінде кедергісіз орта қалыптастыруға ықпал етемін.
- САПАЛЫ БАЙЛАНЫС ЖӘНЕ ИНТЕРНЕТ
Интернет желісіне қол жеткізуді 100% жеткізу үшін елді мекендер мен әлеуметтік нысандарды сапалы, тұрақты және қолжетімді интернетпен толық қамтамасыз етемін.
- ТАЗА ЖӘНЕ КӨРІКТІ АУЫЛДАР
Аудан бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесін 45,8%-ға жеткізуге ықпал етемін.
«Таза Қазақстан» бастамасы аясында ауыл көшелерін абаттандыру, қалдықтарды жинау және шығару жүйесін жетілдіру, елді мекендерді көгалдандыру және тұрғындарға қолайлы қоғамдық кеңістіктер құру бағытында жұмыстар жүргізуге атсалысамын.
ҚҰРМЕТТІ ЖЕРЛЕСТЕР!
Ауданымыздың басты байлығы – оның тұрғындары, олардың еңбегі мен туған жерге деген сүйіспеншілігі. Әрбір ауылдың дамуы, әрбір отбасының әл-ауқаты мен тұрғындардың өмір сапасы назардан тыс қалмауы тиіс.
Менің мақсатым – халықтың өтініштері мен ұсыныстарын назарға алып, жол, инфрақұрылым, әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту және мемлекеттік қызметтердің сапасына қатысты мәселелердің шешілуіне ықпал ету.
Барлық мәселені бірден шешу мүмкін емес екенін түсінемін. Дегенмен, тұрғындардың мүддесін қорғауға, өзекті мәселелерді тиісті органдар алдында көтеруге және депутаттық өкілеттігім аясында нақты нәтижелерге қол жеткізуге күш саламын. Мен үшін әрбір міндеттің жауапкершілікпен орындалуы мен халық сенімін ақтау маңызды.
Бірлесе жұмыс істеп, ауданымызды өмір сүруге, еңбек етуге және бала тәрбиелеуге қолайлы мекенге айналдыруға атсалысайық!
МЕНІҢ ҰСТАНЫМДАРЫМ
Әділдік – әрбір тұрғынның және әрбір ауылдың мүддесіне тең қарау.
Жауапкершілік – халық алдындағы міндеттерге адал болу.
Ашықтық – тұрғындармен тұрақты байланыс орнатып, олардың пікірін ескеру.
Нәтижеге ұмтылу – өзекті мәселелердің шешілуіне жүйелі түрде ықпал ету.
Сіздердің сенімдеріңіз – мен үшін үлкен жауапкершілік. Туған өлкеміздің дамуы жолындағы әрбір бастама халық игілігіне бағытталуы тиіс!
Сайлауға келіңіздер! Маған дауыс беріңіздер!
Дайындалған: «Айару» ЖК.
Мекенжайы: Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жібек жолы көшесі, 34-үй.
Басып шығарылған: «Айару» ЖК.
Таралымы: 1000 дана
Тапсырыс беруші: Бейбітхан Жанерке
Төленген қаражат көзі: Панфилов аудандық мәслихаты депутаттығына үміткердің сайлау қорынан төленді.

Telegram


