САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА
2026-2031 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН«ӘДІЛЕТ» партиясынан Панфилов аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат МҰҚАТАЙ МЕДЕТ ӘКІМЖАНҰЛЫ №6 бірмандаттық сайлау округі
Құрметті сайлаушылар!
Мен, Мұқатай Медет Әкімжанұлы, Жаркент қаласында туып-өстім. Мамандығым бойынша заңгермін. Еңбек жолымды Жетісу аудандық ішкі істер басқармасының анықтау бөлімінде анықтаушы болып бастадым. Кейін кәсіпкерлік саласында еңбек етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, шағын және орта бизнестің өркендеуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына өз үлесімді қостым.
Қызмет барысында ұйымдастыру мәселелеріне, жергілікті инфрақұрылымды дамытуға және тұрғындардың өтініштері мен өзекті мәселелерін шешуге ерекше көңіл бөліп келемін.
Ауданның дамуы – ең алдымен, адамдарды күнделікті толғандыратын мәселелерді шешуден басталады. Олар–жолдардың жағдайы, ауызсудың сапасы, медициналық көмек пен білімнің қолжетімділігі, жұмыс орындары және балаларымыздың болашағы.
Менің бағдарламам «Әділет» партиясының құндылықтары мен бағдарламалық басымдықтарына негізделген. Басты назар тек қордаланған мәселелерді шешуге ғана емес, ауыл кәсіпкерлігін дамытуға, еңбек адамына қолдау көрсетуге, жастарға жаңа мүмкіндіктер ашуға және туған жерімізді сақтауға бағытталады.
Міндеттемелерімнің негізінде нақты міндеттер, нысандар мен мерзімдер тұрады. Олардың даму жоспарлары мен аудандық бюджетке енгізілуіне күш салып, қабылданған шешімдердің орындалуын бақылап, тұрғындар алдында ашық есеп беретін боламын.
Мен үшін депутаттық жұмыстың басты нәтижесі – адамдардың өміріндегі нақты өзгерістер.
Құрметпен, Мұқатай Медет
2026-2031 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН НАҚТЫ МІНДЕТТЕМЕЛЕР
- ЖОЛДАР ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК
Жолдардың сапасын жақсартуға, оның ішінде Табынбаев, Розыбакиев, Асанова, Жансүгіров және Уәлиханов көшелеріндегі жөндеуді қажет ететін учаскелерді анықтап, оларды кезең-кезеңімен жөндеу жоспарларына енгізуге ықпал етемін. Қалаішілік қоғамдық көлік қатынасын жетілдіруге, жаяу жүргіншілер жолдарын реттеуге және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға күш саламын.
- ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚТЫ ЖАҢҒЫРТУ
Қала тұрғындарының сапалы ауызсумен және тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық беремін. Сумен жабдықтау және кәріз жүйелерінің тозығы жеткен бөліктерін жаңғыртуға, коммуналдық желілердегі ақауларды азайтуға және тұрғын үйлер орналасқан көшелерді жарықтандыруға ықпал етемін.
- КӘСІПКЕРЛІКТІ ЖӘНЕ ШАҒЫН БИЗНЕСТІ ДАМЫТУ
Қалалық шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, сауда, қызмет көрсету, қоғамдық тамақтану және өндіріс салаларында жаңа кәсіпорындардың ашылуына қолдау көрсетемін. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры және мемлекеттік қолдау тетіктері арқылы кәсіпкерлердің жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткізуіне ықпал етемін.
- МӘДЕНИЕТ ПЕН РУХАНИЯТТЫ ДАМЫТУ
Аудандық Мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыруға және тұрғындардың мәдени өмірге белсенді қатысуына қолайлы жағдай жасауға ықпал етемін. Жергілікті шығармашылық ұжымдарды, өнерлі жастарды және ұлттық мәдени мұраны дәріптеуге бағытталған бастамаларды қолдаймын. Қала тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, мәдениет пен өнер саласын дамытуға ерекше назар аударамын.
- ҚОЛЖЕТІМДІ ӘРІ САПАЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ
Ауданаралық көпсалалық ауруханасының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуге және бейінді дәрігер мамандардың қолжетімділігін арттыруға күш саламын. Алғашқы медициналық-санитариялық көмектің сапасын жақсартуға, профилактикалық тексерулердің қолжетімділігін кеңейтуге және тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуге ықпал етемін.
- САПАЛЫ БІЛІМ ЖӘНЕ БАЛАЛАР МЕН ЖАСТАРҒА ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ
№6 орта мектептің материалдық-техникалық базасын жақсартуға, білім беру ұйымдарында заманауи әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға ықпал етемін. Мектепке баратын жаяу жүргіншілер жолдарының қауіпсіздігін арттыруға, балаларға арналған спорт және ойын алаңдарын дамытуға басымдық беремін. Жастардың білім алуына, шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуына, бос уақытын тиімді ұйымдастыруына қолдау көрсетемін.
- ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІЛЕР МЕН ОЛАРДЫҢ ОТБАСЫЛАРЫН ҚОЛДАУ
Әскери бөлімдердің әлеуметтік және тұрмыстық инфрақұрылымын дамытуға, әскери қызметшілер мен олардың отбасыларының әлеуметтік мәселелерін шешуге өз құзыретім шегінде ықпал етемін. Әскери қалашықтар мен оларға іргелес аумақтарды абаттандыруға, жол және коммуналдық инфрақұрылымды жақсартуға, әскери қызметшілердің балалары үшін білім беру және мәдени-спорттық мүмкіндіктердің қолжетімділігін арттыруға күш саламын.
- ТАЗА, ЖАСЫЛ ЖӘНЕ КӨРІКТІ ЖАРКЕНТ
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында Жаркент қаласының санитариялық тазалығын қамтамасыз етуге, тұрғын аудандар мен қоғамдық орындарды жүйелі абаттандыруға ықпал етемін. Қоқыс жинау және шығару жүйесін жетілдіруге, көшелерді көгалдандыруға, жасыл желектерді күтіп-ұстауға және қаланың сәулеттік келбетін жақсартуға күш саламын. Тұрғындардың демалысына қолайлы, таза әрі көрікті қалалық орта қалыптастыруға басымдық беремін.
ҚҰРМЕТТІ ЖЕРЛЕСТЕР!
Ауданның дамуы мен өркендеуі ең алдымен оның тұрғындарының әл-ауқатымен, елді мекендердің көркеюімен және халыққа жасалған қолайлы жағдайлармен өлшенеді. Туған жердің болашағына бейжай қарамай, ортақ игілік үшін еңбек ету – бәрімізге ортақ міндет.
Әрбір ауылдың өзіндік мәселелері мен шешімін күткен сұрақтары бар. Ауылішілік жолдарды жақсарту, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейту және жастардың бастамаларына қолдау көрсету – тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды жұмыстар. Бұл бағыттар нақты іс-шаралармен және жүйелі жұмыстармен жүзеге асырылуы тиіс.
Ауданымыздың жарқын болашағы – ортақ мақсат пен бірлескен еңбектің жемісі. Тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырып, ауылдарымыздың әлеуетін арттыру және келешек ұрпаққа дамыған өлке қалдыру жолында бірге әрекет етуіміз қажет.
МЕНІҢ ҰСТАНЫМДАРЫМ
Мен үшін тұрғындармен тұрақты байланыс орнату, олардың ұсыныстарын тыңдау және сын-ескертпелерін ескеру маңызды. Сондықтан сіздердің пікірлеріңіз бен бастамаларыңызға әрдайым ашықпын. Көтерілген мәселелерді зерделеп, оларды шешудің тиімді жолдарын іздестіруге және тиісті жұмыстардың жүргізілуіне ықпал етуге дайынмын.
Бірлігіміз бекем, мақсатымыз ортақ болса, ауданымыздың дамуына бірге үлес қоса аламыз!
Сайлауға келіңіздер! Маған дауыс беріңіздер!
Дайындалған: «Айару» ЖК.
Мекенжайы: Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жібек жолы көшесі, 34-үй.
Басып шығарылған: «Айару» ЖК.
Таралымы: 1000 дана
Тапсырыс беруші: Мұқатай М.Ә.
Төленген қаражат көзі: Панфилов аудандық мәслихаты депутаттығына үміткердің сайлау қорынан төленді.

Telegram


