Жетісу облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының 2025 жылғы 15 маусымдағы №56-н/қ бұйрығына сәйкес, Жетісу облысының аумағында күзгі аңшылық маусымы ашылды.
Аңшылық қызмет келесі мерзімдерде жүзеге асырылады:
- Сібір елігі, марал, тау ешкісі – аталық дарақтар үшін 15 шілдеден бастап, аналық дарақтар мен төлдер үшін 15 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін;
- Қоян – 1 қарашадан бастап 31 қаңтар аралығында;
- Қаз, үйрек, қасқалдақ – қыркүйек айының бірінші сенбісінен бастап 15 желтоқсанға дейін;
- Қабан – қыркүйек айының алғашқы сенбісінен бастап 31 желтоқсанға дейін;
- Қырғауыл – 15 қарашадан бастап 31 желтоқсанға дейін.
Аңшылық қызмет «Аң аулау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2015 жылғы 27 ақпандағы №18-03/157 бұйрығы негізінде жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген жануарлар түрлерін аулауға қатаң тыйым салынады. Сонымен қатар, елді мекендер маңындағы аумақтарда, сондай-ақ резервтік (қорғауға алынған) аумақтарда аң аулау жүргізілмейді.
Аң аулау ережесіне сәйкес олжалау мақсатында жануарлар дүниесі объектілерін іздеу, аңду, сонымен қатар аң аулайтын алқаптарда дәрімен атылатын құндақталмаған қару немесе басқа да аңшылық құралдарымен, олжаланған жануармен, бос жіберілген аңшылық иттермен, аушы құспен жүру — аң аулауға шыққан болып есептеледі.
Аң аулау үшін келесі құжаттар болуы міндетті:
- аңшы куәлігі;
- жануарлар дүниесін пайдалануға берілген рұқсат;
- аңшылық шаруашылығы субъектісінің жолдамалары;
- аңшылық атыс қаруын қолданып аң аулаған кезде – азаматтық қару мен оның патрондарын сақтауға, сақтау мен алып жүруге жеке тұлғаларға берілген рұқсат;
- аушы жыртқыш құстармен аң аулаған кезде – аушы жыртқыш құстың паспорты болған кезде жүзеге асырылады.
Аңшылық кезінде:
- авиа-, авто-мото көлікті пайдалануға;
- ішімдік ішуге, наркотик және өзге де уландыратын заттарды пайдалануға;
- түнгі көздеп ату, дыбыссыз ату және лазермен дәлдеу құралдарын пайдалануға;
- жарық түсіретін құралдарды пайдалануға тыйым салынады.
Аңшылыққа шыққан шақта айналаға бейқам көзбен қарамай, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті серік ету – парыз. Жерге тасталған қалдықтың қарапайым салғырттығы үлкен апаттың алғашқы ұшқынына айналуы мүмкін. Сөндірілмеген от, абайсыз тасталған темекі шоғындай ғана әрекет – жасыл желекке жайылған жалын, жануарлар мекенінің күлге айналған көрінісін тудырады.
Табиғатқа келтірілген әрбір жара – уақытпен емделетін дерт. Бірақ кейде сол ем – ондаған жылдарға созылған, адам еңбегімен өтелетін күрделі жолға айналады. Сондықтан, орманды — оймен, дала мен тауды — жүрекпен қорғауымыз керек.
Тіршілік иелерінің алтын бесігі – Жер-ананы аялау, қоршаған ортаның амандығын сақтау – тек аңшының емес, әрбір жанның азаматтық борышы.
Р. Адильбекова, Жетісу облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы.



