Бүгінгі еңбек нарығында жоғары оқу орнын үздік бітіру жеткілікті ме, әлде студенттік кезден бастап жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған тиімді ме? Бұл сұрақ Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ студенттерін де жиі толғандырады. Оқу мен жұмысты қатар алып жүрудің нақты көрінісін білу үшін «Журналистика» білім беру бағдарламасының 121-тобында оқитын курстастарымның пікірін білдім.
Қазіргі таңда көптеген жастар теориядан гөрі практикаға басымдық береді. Курстасымыз Меруерт Муратова тәжірибе жинауды басты орынға қойғанымен, академиялық білімнің де маңызын жоққа шығармайды:
«Қызыл диплом сенің жауапкершілігің мен еңбегіңді көрсетеді, бірақ өздігінен кәсіби маман етпейді. Ең дұрысы — екеуін қатар алып жүру. Дегенмен, таңдау жасауға тура келсе, тәжірибені таңдар едім: қызыл диплом есікті ашуы мүмкін, ал тәжірибе сол есіктен өтуге көмектеседі».
Алайда оқу мен жұмысты ұштастыру оңайға соқпайды. Қаржылық тәуелсіздікке ұмтылатын студенттерге көбіне демалыс пен ұйқыны құрбан етуге тура келеді. Мұны оқумен қатар еңбек етіп жүрген Бақберген Ерасыл өз басынан өткеріп жүр:
«Кейде ақша табу үшін ұйқым мен демалысымнан бас тартуға тура келеді. Кей күндері небәрі 2-3 сағат қана ұйықтаймын. Әрине, бұл оңай емес, бірақ барлық іске үлгеріп, өз мақсаттарыма жетуге тырысамын».
Тұрақты жұмыс кестесі студенттің көңіл-күйі мен жүйке жүйесіне де әсер етеді. Ауысымдық кестемен жұмыс істейтін Ихсан Исмаил басты қиындық шаршау мен күш-қуаттың сарқылуында екенін ашық айтты:
«Оқу мен жұмыс бір-біріне қатты кедергі келтірмесе де адам қатты шаршап, күйзеліске түседі. Мұндайда қосымша бірдеңе жасауға ынта қалмайды. Тек өз өмірлік ырғағыңды тапқан кезде ғана бәрін реттеуге болады».
Оқытушылар тарапынан жұмыс істейтін студенттерге қандай көзқарас бар? Бұл туралы шетел тілдері кафедрасының аға оқытушысы, журналистика факультетінің кураторы Ли Ирина Викторовна өз ұстанымын жеткізді:
«Жалпы барлық студентке қойылатын талап бірдей. Дегенмен, мен жеке жағдайларды ескеріп, жұмыс істейтін, әсіресе өз мамандығы бойынша еңбек ететін студенттерге түсіністікпен қараймын. Қажет болған жағдайда тапсырмаларды тапсыру мерзімін ұзартуға мүмкіндік беремін, бірақ білім сапасына қойылатын талап өзгеріссіз қалады».
Қорытындылай келе, студенттік жылдар — тек лекция тыңдау ғана емес, болашақ мансаптың іргетасын қалау кезеңі. Тәжірибе мен білімді тең ұстаған жас маман ғана еңбек нарығында бәсекеге қабілетті бола алады.
Советбек АЛИЖАН, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің ББ «Журналистика» факултетінің 1-курс студенті.

Telegram


